Педагогикалық құрамЖобаларБөлімшелер

SheberSkills

ферроқорытпа зауыты мен Ақтөбе Жоғары политехникалық колледжі арасындағы ынтымақтастық аясында ағымдағы жылдың 13-14 наурыз күндері «SheberSkills» шеберлік дағдысын шыңдауға арналған іс-шара бастау алды.
Шараның мақсаты – Еліміздегі тау-кен, металлургия саласының ірі кәсіпорны «Қазхром» ТрансҰлттық компаниясы» АҚ Ақтөбе ферроқорытпа зауытының басшылығы мен аймақтағы техникалық және кәсіптік білім беру бағытындағы үздік оқу орны Ақтөбе Жоғары политехникалық колледжі басшылығы арасында ынтымақтастық меморандум, спорттық кездесулер өткізу және іскерлік байланыстар жасау, жұмысшы кәсібін насихаттауға арналған «SheberSkills» шеберлік дағдысын дамыту.
Алғашқы күні іс-шараның ашылу салтанаты Ақтөбе ферроқорытпа зауыты базасында өтті. Ашылу салтанатына Зауыт басшылығы, облыстық білім басқармасы өкілдері, колледж басшылығы мен арнайы пән оқытушылары қатысып, зауыт әкімшілігінің ұйымдастыруымен келісілген жоспар бойынша өндірістік цехтарға экскурсия жүргізілді.
Зауыт базасында «Еңбекті қорғау», «Зертханалық-химиялық талдау» және «Дизельдік двигательдерге қызмет көрсету және жөндеу» құзіреттіліктері бойынша колледж студенттері мен зауыт қызметкерлері арасында кәсіби шеберлік сайысы ұйымдастырылды.
Келесі күні іс-шара Ақтөбе Жоғары политехникалық колледжінде жалғасын тапты. «Желілік және жүйелік әкімшілендіру», «Электроника», «Токарлық іс», «Дәнекерлеу технологиясы» құзіреттіліктерінен кәсіби шеберлік сайысы жалғасты.
Зауыт басшылығы оқу орнындағы заманауи жабдықтармен, олардың қолданылу барысымен танысып, колледждің жас мамандар даярлаудағы мүмкіншіліктерін жоғары бағалады. Дөңгелек үстел ұйымдастырылып, өндіріс пен оқу орны арасында байланысты нығайту жолындағы алдағы жоспарлар талқыланды. Шараның келесі бөлімі жолдастық спорт ойындарына ұласып, жеңімпаздар анықталды.
Іс-шараның жабылу салтанаты келісім-шартқа қол қою рәсімімен және сайыс үздіктері мен жеңімпаздарын марапаттаумен аяқталды.