Педагогикалық құрамЖобаларБөлімшелер

БАСҚАРМА БАСШЫСЫ «EUROSKILLS» ЖЕҢІМПАЗЫН ҚАБЫЛДАДЫ

Бүгін Ақтөбе облысы білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева «EuroSkills Herning-2025» чемпионатында жоғары нәтиже көрсеткен Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің студенті Бағыжан Қойшыбаевты қабылдады.
Жас талант Данияның Хернинг қаласында өткен кәсіби шеберліктің IX Еуропалық чемпионатында «Графикалық дизайн» құзыреттілігі бойынша үздік нәтиже көрсетіп, «Үздік медальонмен» марапатталды. Оның жетістігі – Қазақстан құрамасының 7 медальон иеленіп, тарихи рекорд орнатуына қосқан зор үлесі.
Бағыжан Қойшыбаев – еңбекқорлығының арқасында талай халықаралық және республикалық сындарда озық шыққан студент.
🔹 2021 жылы студенттік кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған EcoSystemerg.kz конкурсына қатысып, дизайн студия бизнес-жобасын (сайт ашу, логотип жасау қызметтері) сәтті қорғап, Астана қаласына оқуға жолдама алды;
🔹 2022 жылы WorldSkills Kazakhstan-2022 Ұлттық чемпионатында «Мобильная робототехника» құзыреттілігі бойынша алтын медаль иеленді;
🔹 2022 жылы Техникалық және кәсіптік білім ұйымдарының студенттеріне арналған «Қазақстан Республикасы колледждерінің үздік 100 студенті» республикалық байқауының жеңімпазы атанды;
🔹 2024 жылы WorldSkills Kazakhstan-2024 чемпионатында «Графикалық дизайн» құзыреттілігі бойынша күміс жүлдеге ие болды.

Кездесу барысында басқарма басшысы студентке алдағы кәсіби жолында табыс тілеп, еңбегі мен елге деген ықыласы үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ, жеңімпазды даярлаған жетекшісі – Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің информатика пәнінің оқытушысы Нұргүл Исмагуловаға Алғыс хат табысталды.