Ақтөбе Жоғары политехникалық колледі «EuroSkills 2025» халықаралық чемпионатының жүлдегері қарсы алды
Колледжіміздің түлегі Бағжан Қойшыбаевты – Данияда өткен «EuroSkills Herning 2025» халықаралық чемпионатында «Үздік маман» медалінің иегерін салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті.
Престижді сайысқа 32 Еуропа елінен 25 жасқа дейінгі 600-ден астам жас маман қатысты. Қазақстан түрлі құзыреттер бойынша өнер көрсетіп, чемпионат қорытындысында жеті «Кәсіби шеберлігі үшін» медальон жеңіп алды. Жеңімпаздар қатарында политехникалық колледж студенті Бағжан Қойшыбаев та бар. Ол «Графикалық дизайн» құзыреттілігі бойынша жоғары деңгейдегі дайындық пен кәсіби шеберлігін көрсетіп, мәртебелі марапатқа ие болды.
Салтанатты кездесуде облыстық білім басқармасы бөлімінің басшысы Асхат Ізбасар сөз сөйлеп, Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланған кезеңде бұл жеңістің айрықша мәнге ие екенін атап өтті:
Политехникалық колледж студенті өңірімізде халықаралық деңгейде жеңімпаз атанған алғашқы жас. Бұл тек Бағжанның жеке жетістігі емес, сонымен қатар бүкіл техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі үшін маңызды оқиға. Оның үлгісі біздің өңір жастарының Қазақстанды әлемдік аренада лайықты деңгейде таныта алатынын көрсетіп отыр, – деді ол.
Іс-шараға облыстық білім басқармасының өкілдері, мәслихат депутаттары, колледж директорлары, қоғам қайраткерлері, ардагерлер, оқытушылар мен студенттер қатысты. Ерекше назар чемпионат туын ұлттық және халықаралық кәсіби сайыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері болып табылатын студенттердің келесі буынына табыстау рәсіміне аударылды.
Колледж директоры Жеңісгүл Мұхамбетпайызова өз сөзінде бұл жеңістің маңызын ерекше атап өтті:
– Жұмысшы мамандықтар жылы аясында бұл жеңіс өзге студенттер үшін қуатты серпін болды, табандылық пен кәсіби өсудің жарқын үлгісіне айналды. Сонымен қатар, биыл 60 жылдық мерейтойын атап өтетін оқу орнының дамуына қосылған елеулі үлес болды, – деді ол.