Педагогикалық құрамЖобаларБөлімшелер

Ұлттық валюта – теңге күні

1993 жылдың қазан-қараша айларында Қазақстан рубль аймағынан толықтай шығып, 15 қараша күні теңге ресми айналымға енген болатын. Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау сол жылдың 15 қарашасы күні таңғы 8.00-де басталып, 20 қараша күні 20.00-де аяқталған еді. Ұлттық банк алғашқыда 1 теңгені сол кездегі 1000 рубльге бағалаған болатын. 
   Алайда, кейін еліміздің саяси және әлеуметтік, мемлекетаралық қатынастары ескеріліп, 1 теңге 500 рубль бағамында белгіленді. Есте болса, теңге айналымға енердің алдында үш күн бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан Республикасында Ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлық шығарған болатын. 
  Жалпы, төл теңгемізді дайындау жұмыстары 1992 жылы қолға алынып, сол жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Ал ертеңінде қазақ валютасын өмірге келтірген суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер Англияға аттанды. 1993 жылы алғашқы теңге партиясы Англияның ең көне әрі әйгілі «Харрисон және ұлдары» фабрикасында басылды. Теңгені елге тасымалдау үшін төрт ИЛ-86 ұшақтары Тұманды Альбион еліне 18 мәрте қатынады. Төл валютамыздың алғашқы партияларын сақтау үшін арнайы жерасты қоймалары дайындалып, дәл осы қоймалардан ұлттық теңгеміз еліміздің барлық өңірлеріндегі банктерге 8 күн ішінде жеткізілген еді.