Педагогикалық құрамЖобаларБөлімшелер

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану мұражайына экскурсия

2020 жылдың 17 қаңтары күні «Есеп және аудит» мамандығының 201Б тобы студенттерімен топ жетекшісі М.Есетова облыстық тарихи-өлкетану мұражайына экскурсия  ұйымдастырды.

Экскурсияның мақсаты: оқушыларға тарихи-өлкетану мұражайы туралы түсінік беру; оқушылардың ой-өрістерін, танымдық қабілеттерін арттыру, туған өлке тарихына деген қызығушылығын қолдау және дамыту; оқушылардың бойында ата-бабаларына деген құрмет сезімді және өзінің туып-өскен жеріне деген сүйіспеншілікті тәрбиелеу.

Тарих – туған жерден басталады, сондықтан әр азамат өзі тұрған қаласының, елді мекенінің жері мен азаматтарының тарихы туралы білгені жөн. Экскурсия жүргізген музей қызметкерлері облыстық мұражайдың тарихы және жаңалықтары туралы баяндады.

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану мұражайы – мәдени-ағарту мекемесі 1929 ж. құрылған. Мұражайда табиғат, археологиялық, архитуралық және этнографиялық бөлімдері жұмыс істейді. Мұражай қорында 51956 экспонат бар. Мұнда өлкенің пайдалы қазба кендері, жануарлар мен сирек кездесетін өсімдіктер дүниесі, археологиялық қазба кезінде табылған еңбек құрал-жабдықтары, қыштан жасалған бұйымдар, қазақ-қалмақ соғыстары туралы құнды мәліметтер, сол кездегі қару-жарақ үлгілері, Есет батырдың заттары, Арал батырдың сауыты, этнографиялық материалдар қойылған. Халық ауыз әдебиетіне арналған экспозицияда «Қобыланды», «Айман-Шолпан», «Қыз-Жібек» сияқты эпикалық туындылар, Қорқыт, Асан Қайғы, Шернияз ақын жөнінде маңызды деректер кездеседі. «Алаш» ұлттық-демократиялық қозғалысы, саяси-қуғын сүргін құрбандары, туған өлкедегі зиялы қауым өкілдері – дихан Ш.Берсиев, композитор Ғ.Жұбанова, ғарышкер В.И.Пацаев  жөнінде құжаттар жинақталған.